«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» шеңберінде несие беру ұлғаяды
Жаңа жағдайға байланысты «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» тоқтап қалмай ма? Біз алдағы уақытта сол бойынша несие ала аламыз ба?Ерболат ӨМІРБАЕВ,
Атырау қаласының тұрғыны.
Сұраққа Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Көңілқос Орысбаев жауап береді: – Шындығын айту керек, аталған бағдарламаның екінші бағыты болып табылатын бұл мәселеге жұртшылық арасында қызығушылық көп. Ондай ниеттегі кісілердің көңілдері қобалжымаса да болады. Бағдарлама бойынша берілетін несиенің көлемі мен қамтитын адамдар саны бұрынғыдан артпаса, кеми қоймайды. Мен мұны мынадай да уәжбен дәлелдей аламын. Облыста осы бағытта кәсіпкерлік негіздеріне 440 адам оқытылды. Өз ісін ашу немесе кәсібін кеңейту үшін 492 адам 1248,5 миллион теңге көлемінде шағын несие алды. Жыл сайын несие алушылардың саны көбейіп, несие түрлері кеңейтілді. Мұның бәрі аймақта кәсіпкерлер қатарының көбейе түсуіне айтарлықтай әсер етті. Осы кезге дейін біздегі несиелер жаңадан жеке балабақша, шағын оқу орталықтарын ашу, саңырауқұлақ өсіру мен қайық жасау сияқты нақтылы істерге беріліп келіп еді. Өз істерін дамыту үшін қосымша несие алушылар арқылы жаңадан 517 жұмыс орны пайда болды. Демек, осынша отбасында табыс көзі пайда болды деген сөз. Бағдарламаның осы бағытымен несие алған 71 адам қажетті инженерлік инфрақұрылыммен және жабдықтармен қамтамасыз етілді. Енді осы алған бағыттан таймақ емеспіз. Несие алғысы келген әрбір адам оның не үшін керек екенін дәлелдеп бере алатын болса, сұраған қаражатқа қол жеткізе алады. Алаңдарлық жағдай жоқ. Сөз реті келгенде айта кетейін, өткен жылы облыста жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатындағы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру барысында 4,1 миллиард теңге игеріліп, ол 3729 адамға нәпақа тауып берді. 2011 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан бағдарлама халықтың жұмыспен қамту жағдайын жақсартуға, әл-ауқатын арттыруға айтарлықтай әсер етті. Мәселен, 2014 жылы аталған бағдарламамен 3729 адам қамтылды. Оның ішінде 12,1 пайызын өзін өзі қамтитындар, 76,8 пайызын жұмыссыздар, ал 11,1 пайыздық мөлшерін аз қамтылғандар құрады. Аталған бағдарлама бойынша 4,1 миллиард теңге көлемінде қаражат игерілді.Батыс Қазақстан фермерлері экспортты арттыра түседі
Біз Ресеймен шекарада тұрамыз. Аймағымыз ол жақпен алыс-беріс жасасып тұруға өте қолайлы. Осы орайда экспортқа зат шығарушылар қазіргі замандағы әртүрлі кедергілерге байланысты қиындықтар көріп қалмай ма екен, деген сауал мені жиі ойландырады.Уәлиолла ӘБІШЕВ,
Қазталов аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Батыс Қазақстан облысы.
– Осы уақытқа дейін біздің алдымыздан мұндай қиындықтар шыққан емес. Алдағы кезеңде де шықпайтынына сеніп отырмыз, – деп жауап берді бұл сұраққа орай Орал қаласындағы «Кублий» ЖШС төрағасы Талғат Берекешов. – Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылған біздің серіктестік бірден ет, балық, көкөніс және жеміс-жидек өнімдерін қалбырға салумен айналыса бастады. Көп ұзамай таяу және алыс шетелдерге өз өнімдерімізді экспорттауды да қолға алдық. Қазіргі таңда серіктестік осындай қалбырдағы бұйымдардың 100-ден астам түрін дайындап шығарады. Ақиқатын айтсақ, сырт жақтарда біздің өнімдерімізге деген сұраныс баяғыдан күшті. Себебі, қалбырға салған азық-түлік өнімдері ешқандай қосымша дәмдеуіштер мен химиялық қоспаларсыз табиғи таза қалпында ұсынылатын болғандықтан, экологиялық жағынан алғанда да барынша залалсыз болып келеді. Мұны шетелдердегі тұтынушыларымыз жақсы біліп алған. Оның бәрі тек өзімізге ғана тән рецептермен әзірленеді. – Мұның алдындағы жылдарда біз өзімізге қажетті шикізаттарды шетелдерден сатып әкелетін едік, – деп сөзін жалғастырды Талғат Мәлікұлы. – Соңғы кездері бұл дәстүрден ерікті түрде бас тартып, жергілікті шикізатқа қарай бет бұрдық. Осыған байланысты арнайы құшхана мен мұздатқыш орындарын салып, оларды қазіргі заманғы технологиямен жабдықтап алдық. Ал қалбырға салынған өнімдеріміз Ресей қалаларына, Өзбекстан мен Қырғызстанға үздіксіз жөнелтіліп жатыр. Бұдан кедергі көріп отырған жоқпыз. Керісінше, биылғы жылы экспорт ауқымын анағұрлым арттырып, Азия мемлекеттеріне таза, табиғи халал тағамдарды жіберуді жоспарлап отырмыз. Жіберетін өнімдерімізді елімізде еш жерде баламасы жоқ қазы-қарта, жал-жая, қуырдақ, қазақша асылған ет секілді ұлттық тағамдар қалбырлары құрайды. Аталған өнімдерге деген сұраныстың өте жоғары болуына байланысты жыл ішінде олардың апарылатын шетелдері қатарын тағы да ұлғайта түспекпіз. Сонымен бірге, бізде қалбырдағы өнімдердің жаңа түрлерін игеру процесі де қатарласа жүргізіліп жатады. Сөз арасында айта кетейін, кәсіпорын біраз жылдардан бері халықаралық сапа менеджменті жүйесі мен талаптары деңгейінде жұмыс жасап келеді. Шетелдік тұтынушылар тарапынан сұраныс пен қызығушылықтың толас таппауының бір сыры осында жатыр ғой деп ойлаймын. Бұған қосатыным, біз Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен «Алтын сапа» белгісімен марапатталған санаулы өндіріс орындарының бірі болып табыламыз.«Қазақстанда жасалған» акциясын Талдықорған бастады
Күні кеше Елбасының өзі айтқан «Қазақстанда жасалған» атты акцияның басталғаны көңілге қуаныш ұялатып отыр. Ал осы бастаманы бірінші болып көтерген Жетісу өңірінің кәсіп иелері екенін білесіздер ме? Оны алғаш рет Алматы облысының кәсіпорындары қолға алды. Енді сол бастауда тұрғандардың пікірлерін білген де артық болмас еді.Аймұхан САДЫРОВ,
зейнеткер,
Талдықорған қаласының тұрғыны.
Алматы облысы.
Жетісу өңіріндегі керуен тартқан сол бастаманы қолдаушылардың бірі болған «Алматы бояулары» ЖШС директоры Римма Салықова еді. Біздің тілшімізбен осы тақырыпта ой бөліскен Римма Әждарқызы өзінің сөзін былайша түйіндеп айтты: – Автокөлік жолдары бөліктерін айқындайтын жолақтарды жол-белгілері эмалі өндірісі бойынша технологиялық жіптермен қабыстыра орналастыратын біздің «Алматы бояулары» атты өндіріс орны Қазақстан Республикасында көш бастаушы болып табылады. Өнім сапасы ерекше болғандықтан, бағасы әріптестеріміз бұйымдарына қарағанда, ептеп қымбаттау келеді. Соған қарамастан, біздің өнімдерімізге қашанда сұраныс өте мол. Бізге Өзбекстанның бизнесмендері арнайы келіп, бірлесе жұмыс жүргізу, тіпті, бірлескен өндіріс орнын сол елден де ашуға ұсыныстарын айтқан еді. Мұндай ұсыныстар басқа да жақтардан жиі түсіп тұрады. Бірақ біздің басты ұстанымымыз отандық өніммен еліміздің бас қаласы – Астана өңірін, еліміздегі ең ірі мегаполис – Алматы қаласының маңын толығымен сапалы өнімімізбен қамтамасыз ету болып отыр. Үніміз тиісті орындар назарына ілініп жатса, құба-құп болар еді. Біздің өнімдеріміз барлық технологиялық және экологиялық талаптарға сәйкес келеді. Компаниямыз әлемдік стандарт сапасына сай жаңа әрі алдыңғы саптағы технологиямен жұмыс істейді. Менеджмент сапасы жүйесіне толық жауап беретін ISO 9001-2009 сапасымен шығарған өніміміздің барлығына СТ-КZ сертификаты бірге беріледі. Бұл өнімдер сапасы компаниямыздың жеке зертханасында қатаң бақылауға алынып тұрады. Мәскеудің «Дорконтроль» атты инженерлік-техникалық зерттеу орталығының мемлекеттік стандарт талабына сәйкес зерделеуден өткен АК 505 жол белгілеу эмалі еліміздің барлық өңірлеріндегі ауа-райы жағдайына тура келеді. Олар әлденеше рет тексерулерден өткен. Өнімдер 10-30 және 3-7 килолық, тасымалдауға өте ыңғайлы ыдыстарға құйылып, сұранысқа орай жіберіліп отырады.Солтүстік Қазақстан жұмыссыздық өсуіне жол бермейді
Қазақстан қаншама дағдарысты кешірсе де, Елбасымыздың табанды саясаты арқасында қиындыққа ұрынбай қарышты дамып келеді. Десе де, биылғы дағдарыстың беті қатты көрінеді. Әсіресе, Ресей рублі құлағалы көрші елмен шектес теріскей облыстар қатты зардабын көруде. Осы орайда қолға алынып жатқан әлеуметтік қорғау шаралары қаншалықты қауқарлы, деген сауалға жауап алғым келеді.Ербақыт АМАНТАЙ.
ПЕТРОПАВЛ.
Бұл сауалдың жауабын Солтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Асқар Сақыпкереев айтты. – Елбасының Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы тапсырмаларына орай жұмыспен қамтудың жаңа бағдарламасы түзіліп, өкілетті органдар жұмысының басым бағыттары айқындалып, бос жұмыс орындарын белсенді іздеу және таңдау, оқыту, жұмыссыздарды қайта даярлау және біліктіліктерін арттыру, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру, әлеуметтік жұмыс орындарын құру, бос жұмыс орындарына жәрмеңкелер өткізу секілді кешенді шараларды жүзеге асыру нақтыланды, – деді ол. – Сондай-ақ, мүгедектерді жұмысқа орналастыруға айрықша көңіл бөлінді. Былтыр 12801 жаңа жұмыс орны ашылып, 27 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылса, олардың 72,1 пайызын ауыл тұрғындары құрады. Бұлардың төрттен бірі – жастар. Нәтижесінде жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайыздан 4,9 пайызға дейін, жастар арасында 7,6 пайыздан 3,9 пайызға дейін азайса, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен нашар тұрғындардың үлесі 3,4 пайызға төмендеді. Президент қойған талаптарға орай әлеуметтік саладағы мемлекеттік бағдарламаларға айтарлықтай өзгерістер енгізілді. Тұрғындар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, аз қамтылған жандар мен отбасылардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатымен «ебедейсіз аймақ құруға ұмтылыс» нәтижесінде 91 ауылдық округте атаулы әлеуметтік көмек алушылар мүлде болмаған еді. Биыл аталмыш іс-шараны жүзеге асыру мақсатымен масылдық пиғылды жою, еңбекке жарамды адамдардың жан басына шаққандағы төменгі табысын көтеру бағытында сараптама жасалды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы үш бағыт бойынша жүзеге асырылып, бұл мақсаттар үшін 4,7 миллиард теңге жұмсалды. «Ауылда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру» екінші бағыты шеңберінде бір миллиард теңгенің 400 несиесі берілді. Біліктілікті жетілдіру институтында 400 бағдарламаға қатысушы оқудан өтіп, жұмысқа орналасты. Оқыту аспаз, шаштараз, есепші, электр-газбен дәнекерлеуші, хатшы-референт, маникюр бойынша шебер, тігінші, кондитер, әлеуметтік қызметкер, ағаш ұстасы, ЭВМ операторы секілді еңбек нарығына қажетті мамандықтарды ескере отырып жүргізіледі. Бағдарламаның үшінші бағыты аясында әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен ауылдардан 150 отбасы көшіріліп, еңбекке қабілетті 82 адам жұмыспен қамтылды. Биыл облыс тұрғындарының әлжуаз топтары санатындағы 6675 адамды жұмыспен қамтуға көмек көрсету жоспарланған. Бұлардың 3546-сы жұмыссыздар, 3159-ы өзін-өзі қамтамасыз еткендер, 970-і тұрмысы төмен отбасылардың еңбекке жарамды мүшелері саналады. Бұдан тысқары 3932 жұмыссызды қоғамдық орындарға жіберу, 556-сын кәсіби және қайта даярлықтан өткізу, 423-ін әлеуметтік жұмыс орындарына жолдау, жоғары оқу орындары мен колледждердің 400 түлегіне жергілікті қазынадан 85 миллион теңге бөлу шаралары қарастырылды.